Сақал қою парыз ба?

  • 4 255 рет оқылды
  • Сақал өсіру — ол пайғамбарымыздың (с.а.у) сүннеті, әрбір мұсылман үшін орындауы арқылы сауап үміт ететін мустахаб амалдардың бірі. Бұл үрдіс Адам (а.с) нан бүкіл пайғамбарлар арқылы жалғасын тауып, біздің өмірге шейін жеткен. Пайғамбар (с.а.у) сүннеті деп сақал қойған адам ең алдымен өзін-өзі тәрбиелеуге, әдепке, иманға шақыруды үйренеді. Жүрген жерінде «сақалым бар ғой, өзімді дұрыс ұстайын, әр сөзіме мән берейін» деп, өзін тәрбиелеумен болады. Қазақта «сөз көркі — мақал, иек көркі — сақал», «сақалын сыйла, сақалынан ұялсаң етті» деген мақалдар сақалдың биік орнын, мәртебесін айшықтап тұрғандай. Қазақтың би шешендерін, хандарын сақалсыз елестету мүмкін емес. Қазақтар сақалсыз жүрген адамдарды көсе деп кемсітетін. Қазақ ертегілеріндегі танымал Алдар көсенің обрызы осындай ұнамсыз сипаты үшін пайда болса керек.

    Алайда, кейбір жат пиғылды ағымдардың кесірінен пайғамбарымыздың   (с.а.у) бұл ұлық  сүннетінен қарапайым халық үрке қарайтын жағдайға жетті. Көшеде сақал өсірген адамды көрсе уахабшылар екен деп, жат ағым өкілдерін тек сақал өсіргенінен ғана таниды. Бұл түсініктің пайда болуына діни білімі таяз адамдар кінәлі болғанымен, сол пайымдауға апарған сақалды уахабшылардың әрекеттері де себеп болып  отыр. Өйткені олардың бойындағы айналасына деген қатыгездік, өздеріне қарсы шыққан адамдарды жек көруі оларды мұсылман қоғамының вирусы етті.

    Еліміздегі жат ағымдардың ең маңызды қағидаларының бірі сақал мәселесі. Өз жолдарына тартқан жаңа ізбасарларын басқалардан, яғни сақал қоймайтын мұсылмандардан ерекшелеу үшін сақал қоюды міндеттейді. Али (р.а) осы орайды былай деп айтқан: «Ақиқат сөз, бірақ астарында адасушылық жатыр». «Ия» олардың бұл ұстанымы орынды алайда бұны міндеттемес бұрын басқа да негіздер бар екенін естен шығарған секілді. Бұл өз кезегінде уахабышылардың мұсылмандар арасында ішінара іріткі салудың бірден-бір оңтайлы тұсы.

    Осы тақырып турасында көптеген кітаптар, мақалалар жарық көрді. Солардың кейбіреуін атап өтсек:

    • Мухаммад Закарияның «Ужуб иғфаа әл-лиһия» кітабы.
    • Абу Абдуррахман Фаузидің « әд-дарар әл-мунтақа фи табиин хукми иғфаа әл-лиһия» кітабы.
    • Салих ибн Фаузанның «әл-баян ли ахтаа бағд әл-куттаб» кітабы.

    Бұл және басқа кітаптарды оқи келе сақал өсірмейтін адамға бірнеше ауыр күнәлармен айыптауда. Олардың,  яғни уахабшылардың пайымдауынша сақалын алған адам ол шариғаттың талабына мойұсынбаған күнәһәр, кәпірлерге ұқсауға тырысқан жағымпаздар, әйелдерге еліктеген қызтекелер және Алланың жаратқанына риза болмаған надандар. Сақалын алған адамдарды олар пайғамбарлардың сүннетінен бас тартқандар және үммет ғалымдарының пікірінен оқшауланған адамдар ретінде пайымдайды. Бұл ұстанымдарын пайғамбарымыз (с.а.у ) ның және оның сахабаларының сақал қоюымен дәлелдейді.

    Сақал ол пайғамбарымыздың (с.а.у), сахабалар, табиғиндердің кезінде негізгі мәселелер қатарына кірмеген, ол жайында талқыға салып, орындамағанын жазалау оқиғалары ислам тарихында кездеспейді. Пайғамбарымыздың (с.а.у) кезінде иегіндегі үш тал сақалын алып тастаған бір сахабаға, Алланың Елшісі тек іштей реніш білдіргені риуаяттарда айтылады.  Бұл сақал қыру күнә емес, алайда ұнамсыз әрекет екендігіне дәлелі. Фиқһ ғұламалары сақал мәселесін тек қысқа баян етумен шектелген.

    Ханафи ғалымдары бойынша сақалдың бір тұтам ұзындықта болуы – сүннет[1].  «Бір тұтамнан артығын алу керек, одан артығын алмау күнә» дейтін ханафи ғалымдары да бар. Ал одан қысқа етіп алу немесе мүлдем қырып тастау дұрыс деп саналмайды[2].

    Мәлики мәзхабында сақал қою – уәжіп. Оны қырып тастау – харам. Алайда халық арасында әдетке айналған мөлшерден тым ұзарып өсіп жатса, онда оны қысқартуға болады.  Түр-әлпетті әдемі көрсететіндей жарасымды етіп қысқарту керек.

    Шәфиғи мәзхабында  Имам ән-Нәуәуи, Имам әр-Рафиғи, Қады Ияаз сынды беделді ғұламалар сақалды қыру – мәкрүһ (ұнамсыз) әрекет, бірақ харам емес деген.  Шафиғи мәзхабында ең дұрыс деп қабыл етілген пәтуә да осы[3].

    Біздің ғасырда өмір сүрген дін мамандарының сақалға қатысты білдірген тұжырымдарын үшке бөлсек болады:

    1. Сақал қою — уәжіп. Оны қыру – харам.
    2. Сақалды қырмай, өсіру пайғамбарымыздың (с.а.у) сүннеті. Ол адамның табиғи қажеттілігі болып есептелетін ұнамды әрекет. Сақалды қыру – мәкрүһ (ұнамсыз әрекет)[4].
    3. Сақал қою — діни бұйрық емес. Ол Пайғамбарымыздың өмір сүрген уақытындағы әдет-ғұрыптан туындаған дүние. Яғни, сақал қою — Пайғамбарымыздың (с.а.у) жүру үлгісі, киім кию үлгісі, тамақ ішу үлгісі іспетті. Бұл пікірді алға тартқан ғалымдар: Махмуд Шәлтут (1893-1963 ж),[5] Ғұлама Мұхаммад Әбу Заһра.

    Сондай-ақ, Мысыр еліндегі «Пәтуә шығару басқармасы»  (Даруль ифта): 2013 жылы, 7 қаңтардағы жасаған баяндамасында: «сақал қою парыз емес, ұнамды іс»-, деген пәтуә шығарған.[6]

    Бір мәселеге үкім бермес бұрын осы турасында келген хадистерге тоқталған абзал. Пайғамбарымыздың (с.а.у) Ибн Омардан (Алла одан разы болсын) жеткен хадисіне сәйкес:

    خالفوا المشركين: وفروا اللحى، وأحفوا الشوارب

    «Мүшріктерден ерекшелену үшін сақалдарыңды өсіріп, мұрттарыңды қысқартыңдар»[7] .

    Мұсылмандардың анасы Айшадан (Алла одан разы болсын) жеткен риуаят бойынша:

    » عشر من الفطرة: قص الشارب، وإعفاء اللحية، والسواك، واستنشاق الماء، وقص الأظفار، وغسل البراجم، ونتف الإبط، وحلق العانة، وانتقاص الماء »

    «Он нәрсе адамның табиғатына байланысты: мұртты қысқарту, сақалды жіберу, сиуак қолдану, мұрынды сумен шаю, тырнақ алу, буындарды жуу, қолтық түгін жұлу, жыныс мүшелерінің түгін қыру және сумен қолдану»[8].

    Жоғарыдағы хадистен байқағанымыздай сақал жіберіп, мұрт қысқарту сүннет амалдан болып табылады.

    Мұсылман егер сақал өсіретін болса, пайғамбарымыздың (с.а.у) сүннетін орындаған болып саналады. Алайда ескеретін жағдай сүннетке сәйкес мұсылман тартымды, ұнамды көрінуі керек, оның тазалығына ұқыптылығына ерекше көңіл бөлуі қажет. Имам Мәликтен жеткен хабар бойынша ол сақалына өсіріп, ұқыпсыз болған адамға сақалын қысқартуды әмір еткен.

    Ал  сақал ең қысқа қандай болу керек деген сауалға Ханафи мазһабының кейбір ғалымдары сақалдың төрт еліден аспағандығын дұрыс деген. Бұны атақты сахаба ибн Омардың амалынан байқауға болады.

    Хайтамнан жеткен хабар бойынша ибн Омар қолының ұстанымынан асқанша қысқартпаған[9].

    عن الهيثم عن ابن عمر رضي الله عنه أنه كان يقبض على لحيته فيأخذ منها ما جاوز القبضة

    Имам Мухаммад  бұл хадисті шарықтай келе: «Біз бұл ұстанымды Абу Ханифаның ұстанымы деп санаймыз»деп үкім берген.

    Пайғамбарымыздың (с.а.у) сақал мәселесінде келген хадистеріне келер болсақ, бірнеше себептер үшін оны қырмауға керісінше өсіруге әмір еткен:

    Кәпірлерге ұқсамау: яғни сақал өсіру арқылы оларға ұқсаудан алыс болады. Осыған орай пайғамбарымыздың (с.а.у):

    إنَّ اليهود و النصارى لا يصبغون فخالفوهم

    Шынында яхудтар, насранилер (сақалдарын, шаштарын) боямайды, сендер керісінше істеңдер,[10] басқа бір хадисте:

    غيروا الشيب و لا تشبهوا باليهود و النصارى

    Шаштарыңды бояп өзгертіңдер, яхудтар (еврейлер) мен насранилерге (христиан) ұқсамаңдар[11]деген хадистер бар.

    Осы хадиске орай кейбір сахабалар бояған болса, кейбір үлкен сахабалар боямаған олар: Әли ибн Әби Талиб, әз-Зубайир ибн Аууам, Абдурахман ибн Ауф, Талха, Биләл ибн Раббах, Абдолла ибн Масғуд, тағы басқа ұлы сахабалар. Бұл амалдары үшін оларға ескертулер айтылмады, адамдардың ықтиярында қалдырды, өйткені ол уәжіп болса міндетті түрде істер еді[12]. Бұл жерде кәпірлерге ұқсамау қажеттілігі ол діни мәселелерде, ал жүріс тұрыстағы ұқсау шариғатта қатаң тыйым салынбайды. Жоғарыда келген : «Мүшріктерден ерекшелену үшін сақалдарыңды өсіріп, мұрттарыңды қысқартыңдар» деген хадистегі мұртты қысқартуға байланысты Имам Маликтің «Муата» кітабында Омар ибн әл-Хаттабтың  мұртының ұзын болғаны жайында риуаят етілген. Омардың бұл амалын дәлелге ала отырып, имам Мәлик те мұртын қысқартпайтын.[13]

    Асмаа бинт Умайстан жеткен хабар бойынша пайғамбарымыздың (с.а.у) қызы Фатима әз-Захраа Эфиопияның христиандарынан кісі өлген кезде табытқа салып көметінін көргеннен кейін өлген кезінде оған да табыт жасауды өсиет еткен болатын. Бұл өсиеті орындалып, сол уақыттағы үлкен сахабалар жаназасына қатысты. [14] Бұл діни мәселеден бөлек әдеттерге байланысты еліктеген болса, харам әрекеттердің санатына кірмейтінің дәлелі.

    Сақал өсірмеген адамды кәпірге теңеген секілді сондай-ақ әйелге де теңейді. Пайғамбарымыз (с.а.у) өзінің мүбарак хадисінде қатаң тыйым салған:

    لَعَنَ اللهُ المُتَشَبهِينَ مِنَ الرّجالِ بالنّسَاءِ، وَالمُتشبِهاتِ مِن النّسَاءِ بالرّجَال

    Алла тағала еркектердің ішінде әйелдерге ұқсағанды, әйелдердің ішінде еркекке ұқсағандарға лағынет айтты[15].

    Хадистен көріп тұрғанымыздай ер адамның әйел адамға ұқсауы ол Алланың лағынетіне душар болған адам. Бұл жерде сақал қоймаған адамды тура лағынеттемесе де астыртын лағынеттеу әрекеті. Ал лағынеттеуші адамдарды пайғамабарымыз (с.а.у) қатты сынға алған. Алланың елшісі өзінің мүбарак хадисінде:

    «Мұсылманды лағынеттеуші оны өлтіргенмен тең»[16] басқа бір хадисте:

    «Егер адамның бауырын лағынеттеп жатқанын естісек, үлкен күнәға барған секілді көретінбіз»[17].

    Хадистерден байқап отырғанымыздай мұсылманды әйелге ұқсады деп айыптау ол оны лағынеттегенмен бірдей, ал лағынеттеу ол исламдағы үлкен күнәлардың қатарында. Ер адамды әйелге ұқсаттыру ол әйелге тән сипаттың еркектің бойынан табылуы қажет. Сақал өсу ол тек ер адамға тән сипат оның қыруымен еркек ешуақытта әйел болмайды. Немесе сақалсыз еркек көрсек, оны әйелмен шатастыру мүмкін емес, бұл орайда пайғамбарымыздың (с.а.у) сақалды алудағы негізгі мақсат ол мүшріктерге, кәпірлерге ұқсамау екенін айтқан болатын, яғни хадистерде «әйелдерге ұқсамаңдар, сақалдарыңды алыңдар» деген әмір келмеген. Шариғатта әйелдерге ұқсауда тыйым салғанда негізінде киім-кешекте, әшекей бұйымдарын қолдануда ұқсастықтан тыйым салған. Хадисте келгендей:

    لعن الله الرجل يلبس لبسة المرأة, و المرأة تلبس لبسة الرجل

    «Алла тағала әйелдің киімін киген еркекті және еркектің киімін киген әйелді лағынеттеді»[18], яғни ер адамға әйелдерше киіну, олардың қолданатын әшекейлерін тағуға, оларша сөйлеп, табиғаты әйелдерге ұқсағанды айтады. Ал сақалын алып тастаған еркекті әйелдерге ұқсату мүлдем қателік. Сол себепті мұсылмандарды Алланың лағынетіне душар болған амалмен айыптау ол нағыз адасушылық.

    Сақалды алудың харам екені  дәлелі ретінде барлық мазһабтарда сақал қыру харам екенін алға тартады. Дегенмен осыған орай мазһаб ғалымдары әртүрлі пікірді ұстанған:

    Ханбали мазһабының ғалымы Ибн Қудама «Муғни фи фиқһ әл-Ханабилә» кітабында ер адамдарға сақал алу харам емес мәкруһ екенін айтады[19] .

    Имам әл-Ғазали «Ихия» кітабында дәрет құпиялары бөлімінде сақал жайында оны қысқарту, жұлу мәкрух амалдардан екенін жеткізген.[20]

    Шафиғи мазһабының көрнекті ғалымы Имам Науауи өзінің «Муслим» хадистер жинағына жасаған түсіндірме кітабында сақалды қыру мен өруді макруһ амалдарға жатқызған.[21]

    Мәлики мазһабының атақты ғалымы әл-Қади Ияаз «Икмалу әл-Муғаллим бифауааиди муслим» кітабында сақалды қысқарту мен қыру макруһ амалдардың қатарына кіргізеді.[22]

    Шаукани өзінің «Нейлу әл-аутар» кітабында сақалды қысқарту мәселесінде әл-Қади Ияаз бен Науауидің сөздерін келтіріп, оғын қосымша пікір қоспаған, бұл оның олармен келісетінінің дәлелі.[23]

    Бұл  мәселеде басқа да ғалымдар пікірлері болғанымен осы шамамен шектелдік, өйткені бұл дәлелдерді келтірудегі себеп мазһаб ғалымдарының арасында әртүрлі пікір қалыптасқандығы жайында дәлел келтіру.

    Жоғарыдағы дәлелдерден байқағанымыз сақал өсіру ол сүннен амалдар қатарына жатады. Орындаған адам сауап алса, орындай алмаған күнәға батпайды. Ислам дінінде ең маңызды сенім-ақидадан сосын құлшылық, қарым-қатынас,  әдеп одан кейін сыртқы көрініс келеді. Ал уахабшылар болса, сырт көрініске жататын сақалды діндегі алғашқы орындалуы қажет амалдарға кіргізеді, өйткені Алла тағала біздердің келбеттерімізге, түрлерімізге қарамайды, шын мәнінде Алла біздің жүректерімізге қарайды. Егер бұл діндегі маңызды мәселе қатарында болса, мазһаб ғалымдары бұған ерекше көңіл бөліп, ғибадаттын басқа да бөлімдеріне арнаған секілді кеңінен қамтыр еді. Кейбір салаф ғалымдарының фиқһ кітаптарында бұл мәселе мүлдем талқыланбаған. Сол секілді ешбір кітаптарда сақалын қырған адамға қатысты қолданылатын жаза түрлері де жоқ. Бұл пайғамбарымыздың (с.а.у) кезінде де, сахабалар мен табиғиндердің уақыттарында болмаған нәрсе. Егер уахабшылар сипаттағандай бұл амал кәпірлерге еліктеу не әйелдерге ұқсау немесе Алланың жаратқанына қарсы шығу болатын болса, үлкен жазаның да болары аның еді. Бірақ ондай әрекеттер тіркелмеген.

    Адамның адам екенін немесе мұсылманның шынайы мұсылман екенін сақалынан емес оның Алла разылығы үшін жасаған амалдарынан байқауға болады. Діннен хабарсыз адамдарға бірден сақал жайында айтатын болсақ, дін жолына түсуден бас тартуы мүмкін. Егер исламға шақыруда, жанұяда нәпақат табуда, ілім алуда және басқа да парыз болған амалдарда сақал (сүннет амал) кедергі болса, әлбетте оны орындамай керісінше парыз болған амалды орындаймыз.

    Cөзімізді қорытындылай келе сақал жіберу ол пайғамбарымыздың (с.а.у) ұлық сүннеттерінің бірі жоғарыдағы Айша анамыздан жеткен хадис оған дәлел:

    «Он нәрсе адамның табиғатына байланысты: мұртты қысқарту, сақалды жіберу, сиуак қолдану, мұрынды сумен шаю, тырнақ алу, буындарды жуу, қолтық түгін жұлу, жыныс мүшелерінің түгін қыру және сумен қолдану»[24]. Кімде-кім оны пайғамбар (с.а.у) сүннеті деп орындайтын болса, мол сауапқа кенелері анық. Алайда оны көрсету үшін өсірген болса, ол бұл амалы үшін күнәға батады. Сөз көркі мақал, иектік көркі сақал демекші сақал тек адамның сыртқы ғана көркі болып қалмай ішкі де көркі болуы ләзім. Бірақ өкінішке орай бұл сипатты көптеген сақал қойып шынайы сәләфпын деген адамдардан байқалмай алмай жүрміз.

    [1] Хашяту Ибни Абидин

    [2] Ибн Абидин, Раддуль Мухтар

    [3] Әл маусуғатуль Фиқһия  Мухаммад Ахмад әш-Шариф

    [4] Юсуф Қардауи, әл-Халал уәл Харам

    [5] Әл Имам Әкбәр Махмуд Шалтут, Әл Фәтауа: дирасату лимушкиләтиль муслим

    [6] https://www.paldf.net/forum/showthread.php?t=540168

    [7] Бұхари хадистер жинағы

    [8] Муслим хадистер жинағы

    [9] Имам Абу Юсуф «китабул асар»

    [10] Бұхари хадистер жинағында

    [11] Тирмизи хадистер жинағында келген

    [12] Ибн Муфлихтің «әл-әдабу әш-шарғия уа әл-манх әл-марғия» кітабы

    [13] «Мәдәәрик» 1 том, 121 бет.

    [14] Әл-Хаким, Байхақидің хадистер жинағында

    [15] Бұхари хадистер жинағы

    [16] Бұхари, Муслим хадистер жинағы

    [17] Табрани хадистер жинағында

    [18] Насаи хадистер жинағы

    [19] Ибн Қудаманың «Муғни фи фиқһ әл-Ханабилә» кітабы.

    [20] Имам Ғазалидің «Ихия улумуддин» кітабы

    [21] Имам Науауидің «Шарху Муслим» кітабы

    [22] әл-Қади Иадтың «Икмалу әл-Муғаллим бифауааиди муслим» кітабы

    [23] Әш-Шауканидің «Нейлу әл-аутар» кітабы

    [24] Бұхари хадистер жинағы

    Вы можете оставить комментарий, или ссылку на Ваш сайт.

    Оставить комментарий

    Return to Top ▲Return to Top ▲