ШЫЛЫМ КЕЛТІРГЕН ШЫҒЫН. 25 МЫҢ АДАМ!

  • 700 рет оқылды

  • Көк түтін Қазақстанды көгертпей тұр. Темекіні айтамыз. Оның қатерлі екенін білсек те, шылымға құмары қанбайтындардың қатары сиремей тұр. Ал зиянына келсек, темекінің салдарынан жыл сайын республикада 25 мың адам көз жұмады. Бұл туралы Астанада Темекі шегуден бас тартудың бүкіләлемдік күніне орай өткен баспасөз мәслихатында Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығының директоры Жәмила Баттақова мәлім етті.
    Сонда Қазақстанда қанша адам көк түтінге әуес? Ұлттық орталықтың мәліметтеріне сенсек, Қазақстан халқының 27 пайызы, яғни 4 млн 200 мың адам темекі тартады екен. Бұл көрсеткіш 2001 жылмен салыстырғанда 4 пайызға жоғарылаған. Ең алаңдатарлығы, шылымға әуестенушілер арасында әйелдердің қатары күрт артуда. Егер салыстырмалы түрде қарасақ, бұған дейін темекі тартатын 1 әйелге 5 ер адамнан келсе, қазір бұл көрсеткіш 1/3-ті құрап отыр. Әйелдерді былай қойғанда, енді бұл індет балалар мен жасөспірімдер арасында артып бара жатқаны қауіп тудырады, — дейді Жәмила Баттақова. Жалпы, темекінің салдарынан зиян шегіп жатқандар жетерлік. Ал әлем бойынша жыл сайын 6 миллионға жуық адам көз жұматын көрінеді. Десек те…
    Дәрігер мамандар темекі шегу адамзатқа орасан зор қатер тудырып отырғанын айтады. Атап айтар болсақ, өкпенің қатерлі ісігі онкологиялық аурулар арасында бірінші орынға шықты. Анықталғандай, өкпенің қатерлі ісігі темекіні көп шегуден болады екен. Көк түтінді көп жұту көмейдің ісігі мен миокарт инфаркіне, инсультке, түсікке, бедеулікке, пародонтозға, ағзаның және терінің тез қартаюына алып келеді, сонымен бірге репродуктивті жүйеге кері әсерін тигізеді. Десек те, темекіге қарсы қоғам болып күрессек те, нәтиже шамалы болып тұр. Тіпті бірер апта бұрын осыған қатысты Үкіметтің арнаулы екі қаулысы шықты. Қаулыға сәйкес, бұдан былай темекі өнімдерінің қорабына никотиннің көлемі, улар, консерагендік және мутагендік заттар туралы шынайы ақпарат орналастырылатын болады. Темекі қорабының сыртына шылым шегудің зардабы мен оның салдарынан пайда болатын сырқаттың түрлері беріледі, сондай-ақ үрей тудыратын суреттер орналастырылады. Темекі шегудің зияндығы туралы мұндай ескертпелерді әлем елдері арасында бірінші болып 2001 жылы Канада енгізді. Мұнан кейін бұл тәсілді Бразилия, Сингапур, Тайланд қолданды, қазір әлемнің 35 елінде жүзеге асып отыр. Қазақстан бұл тізімге ТМД елдері арасында бірінші болып қол жеткізгенін айта кету керек. Демек, Қазақстан енгізгелі отырған әлемдік тәжірибе өз нәтижесін бере ме?

    Маман — дәрігерлердің айтуынша, осындай тәсілді өмірге енгізу арқылы 1 миллионға жуық қазақстандықты темекі шегуден айыруға болады екен.

    Б.МҰРАТҰЛЫ
    www.aikyn.kz

    Вы можете оставить комментарий, или ссылку на Ваш сайт.

    Оставить комментарий

    Return to Top ▲Return to Top ▲