Әріптесіміз Wiki-Бәйге жеңімпазы атанды


2011 жылдың 16 маусымында «Wikibilim» қоғамдық қоры «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл ауқат қоры және «Нокиа» компаниясының қолдауымен Wikipedia ашық энциклопедиясындағы қазақ тіліндегі мақалалардың саны мен сапасын арттыру мақсатында бәйге ұйымдастырылған болатын.

Бәйгенің шарттары төмендегідей болды:

• Бәйгеге қатысу үшін Википедияға кемінде 100 мақала жазу міндетті;
• Жазылатын мақалалар қазақ тілінде болуы тиіс;
• Мәтін мен суретті басқа сайттардан немесе басылымдардан көшіріп салуға болмайды;
• Мақалалар нақты қайнар көздерге негізделуі керек, барлық сілтемелерді көрсету міндетті;
• Мақала кем дегенде 500 сөзден тұруы тиіс;
• Мақалада кем дегенде 1 сурет болуы керек;
• Мақалада кем дегенде 3 қайнар көзге сілтеме (сноска) болуы тиіс;
• Мақалада негізгі ұғымдар мен түсініктерге вики белгілер қойылуы міндетті;
• Мақалалар ағылшын, орыс немесе басқа тілдердегі Википедиядан аударылса құба-құп;
• Мақалаларға тақырып таңдау бәйгеге қатысушының өз еркінде;

Бәйге соңғы 100-ші адам анықталғанға дейін жалғасады.
Осы күнге дейін 100 мақала бәйгесінің жеңімпазы болып Мейрамгүл Қалиева Жезқазған қаласы, № 1 мектептің Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі және үздік мақала және үздік редакторлар бәйгесінің жеңімпазы Нұрсұлтан Хаймульдин Алматы қаласы, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің студенті атанды.

Сондай-ақ, ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкілдігі, орталық «Абдул Хамид Қаттани» мешітінің ресми сайтының www.kattani.kz администраторы Ұлықбек Алиакбарұлы 100 мақала бәйгесі мен үздік мақала бәйгесінің жеңімпазы атанды.

Күні кеше ғана Алматы қаласында «Wikibilim» қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы Ұлықбек Алиакбарұлына «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл ауқат қоры және «Нокиа» компаниясының қолдауымен ноутбук және қалта телефонын және Нокия компаниясының ТМД және Оңтүстік өңір бойынша бас менеджері Карел Голубтың сертификатын табыс етті.

Аталмыш сертификат Ұ.Алиакбарұлына инновациялық идеялар мен технологияларды насихаттау ісінде және Википедия онлайн энциклопедиясының дамуына қосқан үлесі үшін берілді.
Әріптесіміздің еңбегі табысты, жұмысы берекелі болсын!

ҚМДБ-ның ОҚО бойынша
өкіл имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров.

kattani.kz

Cұрамшақтықпен айналысатындар Астана қаласынан шығарылды


Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Астанада сұрамшақтықпен айналысатын Өзбекстанның 12 азаматы ұсталып, қаладан шығарылды.

Бұл туралы өзінің жеке блогында тұрғындардың сұрағына жауап берген елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті.

«Менің тапсырмаммен, 16 желтоқсан күні Астана қаласының Ішкі істер департаменті көші-қон полициясы бөлімінің қызметкерлері сұрамшақтықпен және қаңғыбастықпен айналысатын тұлғаларды анықтау мақсатында Затаевич, Майкөтов, Уәлиханов көшелерінде, «Green» және «Артем» сауда үйлері маңындағы автотұрақтар аумағында шұғыл- алдын алу іс-шараларын өткізді. Нәтижесінде Өзбекстанның 12 азаматы (ұлттары люли), соның ішінде кәмелеттік жасқа толмаған 5 бала анықталды. Олар автобуспен Астана-Шымкент бағыты бойынша елорда аумағынан шығарылды», — деп атап өтті әкім.

Қала басшысының айтуынша, 17 желтоқсан күні Уәлиханов көшесінің бойынан Өзбекстан Республикасының тағы 5 азаматы ұсталды. Олар сондай-ақ өз елдерінің шекараларына дейін депортацияланды.

«Қазіргі уақытта Астана қаласының ІІД Көші-қон полициясы басқармасының қызметкерлері лайықты құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында елорданың орталық көшелерінде патрульдік кезекшілікті жалғастыруда. Тілемсектікпен айналысатын тұлғаларға ерекше назар аударылуда», — деп түйіндеді И.Тасмағамбетов.

 

inform.kz

ҚМДБ-НЫҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН ТӨРАЛҚА МӘЖІЛІСІ БАСТАЛДЫ


Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының екі күнге жоспарланған кеңейтілген төралқа мәжілісі басталды.

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің төрағалығымен өтіп жатқан бұл мәжіліске ҚМДБ Аппарат басшысы Б.Мырзаев, бөлім меңгерушілері, облыстар мен өңірлердегі өкіл имамдар, Нұр-Мүбарак университетінің проректоры Ш.Керім, Қазақстан қажылар қауымдастығының төрағасы Е.Дуанаев қатысуда. Онда діни басқарманың облыстар мен өңірлердегі өкіл имамдары әдеттегідей бір жыл бойы атқарған ұйымдастыру-басқару, діни уағыз-насихат, оқу-ағарту, қажылық, т.б. салалардағы қызметтері жайлы есеп береді. Қазіргі уақытқа дейін ҚМДБ-ның қос басылымы «Ислам және өркениет» газеті мен «Иман» журналына жазылу мен қажылықты өткізу мен ұйымдастыру мәселелері қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Қос басылымның Бас редакторлары Сейсенхан Маханбет пен Оңғар Өмірбек баспасөзге жазылу жайлы жиналғандарға ақпарат берді. Ал, қажылық бөлімінің меңгерушісі Әлішер Спанов биылғы жылы 4 мың отандасымыздың қажылық парызын аман-есен өтеп келгені жайлы мәліметті жеткізді.

 

muftyat.kz

Петропавлдың полиция қызметкерлері машина әйнегін сындырып жүрген бір топ бұзақыларды ұстады


Өткен түнде Петропавлдың полиция қызметкерлері облыс орталығының аулаларындағы тұрақта тұрған көліктердің терезелерін сындырып жүрген бір топ бұзақыларды қолға түсірді, деп хабарлады облыс бойынша ІІД-нің баспасөз қызметі.

Терезесі сындырылған көліктердің біреуінен машинаның магнитофоны мен флешкарта ұрланған. Бұл туралы полицияға Бейбітшілік көшесінде тұратын «Ауди» маркалы көліктің иесі айтқан.

Сол күні жасалған қылмыстың ізі бойынша Петропавлдың ІІБ қызметкерлері екі 20 жасар Петропавл қаласының тұрғынын және 19 жасар Щучинскінің тұрғынын ұстады. Кейін анықталғандай, түнде олар мас күйінде «көңіл көтеру» үшін көліктердің терезелерін сындырған.

Қазіргі уақытта олардың үстінен бұзақылық және ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталғандардың біреуі жоғары оқу орнының студенті.

 

inform.kz

АСТАНА МЕДРЕСЕСІ ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 20 ЖЫЛДЫҒЫН ЕРЕКШЕ АТАП ӨТТІ

16 желтоқсан күні Астана медресесінің мәжіліс залында осы оқу орнының басшысы Қалижан қажы Заңқоевтың бастамасымен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 20 жылдығының құрметіне арналған 100 кісілік мерекелік дастархан жайылды. Осынау еліміздің бас мерекесінің қарсаңында жайылған ақ дастарханға «Нұр Астана» орталық мешітінің имамдары мен медресе ұстаздары және барлық шәкірттер түгел қатысты.
Бұл отырыстың әрине жөні бөлек. Олай дейтініміз бұл ата-бабамыздың аңсап, бірақ қол жеткізе алмай өткен Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын ерекше атап өтіп, оның мән-мағынасына терең бойлау еді. Отырысты ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы, Астана медресесінің директоры Қалижан қажы Заңқоев сөз сөйлеп ашты. Ол кісі өз сөзінде Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен осындағы барша қатысушыларды құттықтай келе, бұның қадір-қасиетіне, мән-мағынасына кеңірек тоқталды. Еліміздің жиырма жылдан бері әлеуметтік, экономикалық, білім-ғылым, ұлттық құндылықтарымз бен мәдениетіміздің, дінімізбен салт-дәстүріміздің қарқындап дамып-өркендеуіне сарабдал салиқалы саясатымен жол бастаған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екендігін әсте естен шағармауымыз керектігін баса айтты. Осымен қатар Дінбасымыз Әбсаттар қажы Дербісәлі хазретіміздің де, еліміздегі дін саласының жүйеленіп, қарқындап дамуының негізгі локомативі екендін де атап өтті. Жиынды әріқарай мешіт имамдары мен медресе ұстаздары, тәуелсіздікпен түйдей құрдас медресе шәкірттері кезегімен сөз алып, өздерінің елге, жерге деген ыстық ықыластарын, Тәуелсіздік туралы жүрек дүрсілін жарып шыққан тебіреністі ойларын толқи отырып жеткізді. Әрине бұл салиқалы отырысқа кең дастархан жайып, дінімізге шын жанашырлығымен көпшілікке танымал болған Елордамыздағы «Тұран» мейрамханасының егесі, меценат Райымберді Сағламұлының да қосқан үлесіне дән ризашылығымызды жеткіземіз. Қысқаша айтқанда жиын соңында діни қызметкерлермен болашақ жас мамандар, бұл отырыс бұрынғы отырыстан өзгерек болды деген ойда тоғысып, осы күнге жеткізген Аллаға мыңда бір шүкіршілік айтып, отанымыз Қазақстанның бұдан да әрі өрлеп, дамуы үшін игі дұға жасап тарқасты.

Бақытжан ӨТКЕЛБАЕВ
Астана медресесінің
оқу бөлімінің меңгерушісі

Return to Top ▲Return to Top ▲